«ҰЛТ БОЛМЫСЫНА ҰСТЫН БОЛҒАН ӨНЕР» АТТЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛҒАН ШАРАҒА ҚАЗАҚСТАННЫҢ ХАЛЫҚ ӘРТІСІ, ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЕҢБЕК ЕРІ АСАНӘЛІ ӘШІМОВ ҚОНАҚҚА ШАҚЫРЫЛДЫ

Енгізілді: 02.02.2024Қаралғаны: 6218 рет

Ұлтымыздың бүкіл болмысын көз алдыңа әкеліп, ұмыт болған құндылықтарымызды таспалап, өткен ғасырдың орта тұсында өмірге келсе де, Қазақпен бірге жасасып келе жатқандай етене жақын болған өнер. Ол-кино өнері.
Осы өнердің кең етек жаюына мұрындық болған қазақтың тұңғыш режиссерларының бірі Шәкен Кенжетайұлы!

Бүгін, саңлақ өнерпаздың өмірге келгеніне 110 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Ұлт болмысына ұстын болған өнер» атты шараның үлкен мәні бар. Ұлттың ұлы тұлғаларын дәріптеу арқылы өскелең ұрпақтың санасына өткенді қадірлеудің дәнегі егіліп, олардың саналы ғұмыр кешулеріне әсері болмақ.

«Болашақ» университеті ұйымдастырған шараға қазақтың біртуар ұлы, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстанның еңбек ері Асанәлі Әшімов пен жұбайы Бағдат ханымның келуі ұжым үшін, студенттер үшін үлкен мәртебе болды. Шараны университет құрылтайшысы Бақберген Сәрсенұлы ашып, шақыруды қабыл алып, ортамызға келген мәртебелі меймандарға алғысын жеткізді.

Сонымен қатар, Асанәлі Әшімовке «Болашақ» университетінің «Құрметті профессоры» мәртебелі атағын тапсырып, профессорлардың арнайы киімі «Мантия» кигізді. Алаштың аңыз адамы, абыз ақсақалы өз кезегінде ұйымдастырушыларға алғысын айтып, Шәкен Кенжетайұлының 110 жылдығын Қазақстан бойынша осы «Болашақ» университеті атап өтіп жатқанын үлкен ризалық сезіммен жеткізді.
«Ұлт болмысына ұстын болған өнер» атты еске алу шарасы өте жоғары деңгейде өтті.